Әйелдерге қарсы зорлық туралы айту мен өзгеріс талап етудің маңызы
«Власть» редакциясының мәлімдемесі
Қазақстан әйелдеріне бағытталған зорлық мәселесі жылдар бойы шешілмей келеді.
Қазақстанда трагедиялар бірінен кейін бірі болып жатқан уақытта мәжіліс депутаттары әйелдерге қарсы зорлықты қылмыстық әрекетке жатқызу мәселесінің «орта жігін табуға» тырысып әлек, ал сенат спикері Мәулен Әшімбаев елімізде әйелдер заңмен қорғалған деп есептейді. Оның айтуынша, тек ерлермен қарым-қатынастың мәдениет деңгейін көтеру керек екен.
Президент тағайындаған сенатор да, өзге депутаттар да жақында елді дүр сілкіндірген әйелдерге қарсы зорлық мәселесіне қатысты сөйлеген еді: бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованың өліміне кінәлі деген күдікке ілінгені, Талдықорған қаласы полиция бастығы Марат Күштібаевтың бір тұрғынды зорлағаны және Алматыдағы «B-52» барының күзетшісі қала тұрғынын зорлады деген күдікке ілінуі.
Әйелдердің қоғамда да, мемлекеттік деңгейде де кемсітуге ұшырайтынына бірқатар мысал айтуға болады. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері әйелдерді үйдегі ұрып-соғудан бастап, қоғамдық көлікте тиісуге дейін зорлықтың кез келген түрінен қорғайтын нақты шаралар қабылдаған жоқ.
Ешкім зорлық эпидемиясын мойындағысы келмейді.
Тіпті 2021 жылы мәжіліс пысықтауға жіберген «Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заң жобасына да тиіс назар болмады. Мәжілістегілер зорлыққа ұшыраған әйелдердің емес, фемицидті «отбасындағы дәстүрлі құндылықтарға» балайтын консерватив белсенділердің дауысына назар салды.
Билікте азғантай ғана орны бар әйелдердің де олардың үнін естіртуге мүмкіндігі жоқ, соңғы шешімді үнемі ерлер қабылдайды. Мәселен, парламентте бар болғаны 19 мәжіліс депутаты (20 пайызға жетпейді) және 11 сенат депутаты (20%) – әйел.
Әйелдерді ұрып-соғады, зорлайды, өлтіреді, әйтсе де қоғам үндемеуге, зорлық-зомбылық құрбандарын «орынсыз жүріс-тұрыс» пен «отбасы ұғымының құнсыздануына» айыптауға бейім. Қазақстан қоғамында ер адамдар не әйелдерге қарсы зұлымдықты ақтап алуға тырысады не үнсіз қалады. Өзінің ер достарын, туыстары мен әріптестерін өзін-өзі тәрбиелеуге және зорлық-зомбылыққа жол бермеуге шақырмайды.
Зорлыққа ұшыраған әйелдерге полицияда да, ауруханаларда да, соттарда да солай қарайды. Тек әйел болғаны үшін оларды қорғаудан бас тартатын институттардың кедергісімен күресуге мәжбүр. Мұның барлығы тамырын тереңге жайған «жүйелік зорлық-зомбылықты» көрсетеді.
Мемлекет бұл жағдайды «мәдениетсіздік» деп түсіндіруге асық, ал биліктің айналасындағы белсенділер өзгерісті биліктен емес, қарапайым халықтан талап етіп, нақты мәселеден, яғни биліктің зорлық тақырыбына жеткілікті көңіл бөлмейтінінен назарды аударып отыр. Зорлық-зомбылықтың тамыр жаюына шенеуніктер, судьялар, полиция, жалпы мемлекет кінәлі, олар кінәсін мойындап, өзгеруі керек.
«Власть» редакциясы әйелдерге қарсы жүйелі зорлық-зомбылыққа үзілді-кесілді қарсы. Одан құтылу үшін үнсіз қалмау керек деп санаймыз. Әйелдерге қарсы зорлықтың кез келген түрін айтқаннан бөлек, оған ашық түрде қарсы шығу маңызды. Сондай-ақ, кезекті рет жауапкершілікті ысырып қойғанына келіспей, биліктің қимылдауын талап ету маңызды.
Читайте этот материал на русском.
Read this article in English.
Поддержите журналистику, которой доверяют.