Қазақстандықтарды Газа секторынан эвакуациялау басталды
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте қазақстандықтарды Газа секторынан эвакуациялау басталғанын мәлімдеді. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, 44 азаматтан тұратын бірінші топты эвакуациялау 13 қарашаға жоспарланған.
"Оның құрамында 40 Қазақстан азаматы және төрт шетелдік – олардың отбасы мүшелері бар. Эвакуацияланғандар қатарында біздің елден басқа тағы тоғыз елдің: Марокко, Иордания, Ресей, Испания, Швеция, Перу, Нидерланды, Ұлыбританияның өкілдері бар. Рафах пункті арқылы бүгін барлығы 594 адамды эвакуациялау жоспарланып отыр. Оның ішінде 44 азаматымыз бар(40 қазақстандық және олардың төрт отбасы мүшесі – ред.)", — деді Айбек Смадияров.
Эвакуация Газа секторы мен Мысыр арасында орналасқан Рафах бақылау-өткізу пункті арқылы жүзеге асырылады. Қазақстандықтар бақылау-өткізу бекетінен өткеннен кейін жер үстімен Каирге жеткізіліп, қонақүйге орналастырылады. Қажет құжаттар тексерілгеннен кейін олар Қазақстанға жіберіледі.
"Қазақстанның дипломаттары Каирге шығып кетті. Олар барлық бақылау-өткізу бекетінен өтіп, Рафахқа жақындап қалды. Бір сағаттың ішінде олар сонда жетуі керек. Келісімен олар Мысыр билігімен, Ресей билігімен бірге барлық құжатты тексере бастайды. Газа секторын және біздің азаматтарды біртіндеп алып кетеді", — деді Айбек Смадияров.
6 қарашада ол Газа секторында 76 қазақстандық жүргенін хабарлады.