«Қайырымдылық керуені»: Астанада ізгі жүрек иелері анықталды
Астанада «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. 2018 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан мерейлі іс-шараға бұл жылы да 1000-ға жуық өтінім келіп түскен. |
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Нұрсұлтан Назарбаев Қоры және Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығымен ұйымдастырылған қайырымдылық шарасының басты мақсаты – рухы мықты әрі батырлығымен көзге түске ізгі жүрек иелерін анықтап, оларға сый-сыяпат көрсету. «Астана балет» ғимаратында өткен қорытынды жиынға республиканың түкпір-түкпірінен дәл осындай жандар жиналды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бас-аяғы 5 номинациядан тұрған байқау жеңімпаздарына дипломдар мен медальдар табысталып, тұрмыстық техника сатып алуға арналған сертификат берілді.
Батырлық, батылдық, ізгілік... «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауына қатысушыларының әрқайсысының бойынан дәл осындай қасиеттерді таба аласыз. Олардың бірі тағдырдың тауқыметіне мойымай, мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан, өмірден өз жолын табуға тырысса, енді бірі жүрек жұтқан табанды мінезінің арқасында бейтаныс жандардың өмірін сақтап қала алған. Байқау ұйымдастырушыларының айтуынша, 6 жылда байқауға қатысуға осымен 4000-ға жуық адам өтінім білдірген.
«Жыл сайын байқау игі іске бей-жай қарамайтын жүздеген адамды, бейбіт күннің нағыз батырлары мен елдің патриоттарын анықтайды. Өзгеге үлгі-өнеге болып, ерлігімен тәнті еткен, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген әрбір жанның өзінің тарихы бар. Қиналғанға қол ұшын созып, ізгі іс жасап жүрген қазақстандықтарды анықтауда өлшеусіз үлес қосқан елорда мен өңірлерден келген әріптестерімізге алғыс айтамыз», — дейді марапаттау рәсімінің ашылу салтанатында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.
Осылайша, «Мейірім жолында» номинациясының жеңімпазы ретінде Павлодар облысы Шарбақты ауданының тұрғыны Владимир Поляков танылды. Кереку өңіріне кеңінен танымал кейіпкер, ауданды абаттандыруға демеуші болып, жыл сайын көмек қолын созып келе жатыр екен. Одан бөлек жомарт азамат ауылдың жас мамандарына арнап тұрғын үй салып, елдімекеннің орталық саябағына жөндеу жұмыстарын жүргізген. Владимир Поляков ауыл жастарының бұқаралақ спортқа ден қоюына да атсалысқан. Жомарт жан киім ауыстыратын жылы бөлмесі бар хоккей корты, жасанды жабыны бар футбол алаңы, бұқаралық спорт түрлерімен айналысуға арналған 3 балалар ойын алаңын салып берген. Павлодарлық тұрғынның айтуынша, бұл іске ол бас-аяғы 20 млн-ға жуық теңгені жұмсаған.
«Бастысы біз қолға алған азғантай ғана шаралар елдің көңілінен шығып жатса болғаны. Бізге ел алғысын алғаннан асқан бақыт жоқ. Болашақ чемпиондар ауылдан шығады деп ойлаймын, сондықтан оларға спортпен шұғылдану үшін, тиісті жағдайлар жасау керек», — дейді Владимир Поляков.
«Мейірім жолында» номинациясының жүлдегерлері қатарында белгілі блогер Рысбала Икрамбай да бар. Бүгінге дейін 95 жанға баспана сыйлаған ол, үйлі болуға шын мұқтаж жандарды алдағы уақытта да қуантатын боламыз дейді.
«Біздің басты мақсатымыз көп балалы, жалғызбасты ана, әкелерді баспаналы ету. Біз мемлекеттен бірде-бір тиын алмаймыз, менің оқырмандарым және еліміздің жанашыр азаматтарының арқасында 2 жылда 95 адамның баспаналы болу арманын орындаппыз, енді мұндай бақытты адамдардың санын алдағы уақытта 100-ге жетсе екен дейміз. «Ырысты» ҚҚ-на қарапайым тұрғындардан аударылатын барлық қаражат көмекке мұқтаж жандардың игілігіне жұмсалады», — дейді ол.
Республикалық байқаудың «Туған жер» номинациясының бірінші орны Жамбыл облысы Мерке ауылының тумасы Мария Нисоноваға бұйырды. Туғанынан зағип жан ауылда қарапайым кітапханашы болып жұмыс істейді. Бір қызығы, қайсар әйел өзі сияқты көзі нашар көретін және зағип азаматтарға компьютерде жұмыс істеу, оқу, қолөнер, дойбы және шахмат сияқты спорт түрлерінің, өнердің қыр-сырын үйретіп, көптеген тағдырлас жандарға демеу болып отыр. Одан бөлек жомарт жүрек иесі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып тұратын көрінеді. Батыл келіншек қолы босай қалса, фортепиано мен баянда ойнап, ертегі жазады екен.
«Мұның барлығы маған күш беріп қана қоймай, өмірде серпіліс жасап, алға жылжуыма мүмкіндік береді», — дейді Мария Нисонова.
Байқаудың ел көңілінен шыққан тағы бір аталымы – «Асар» деп аталады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған аталым бойынша, жеңімпаз ретінде Ақмола облысының Қосшы қаласының тұрғыны Азамат Бақи танылды. Кәсіби музыкант, Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі ұлттық аспаптарды ойнаумен қатар, оларды жасаумен де айналысады. Халқымыздың ұмыт болған бірқатар үрмелі аспаптарын қайта жаңғыртқан ол, жасөспірімдерге оларда ойнауды да тегін үйрететін көрінеді.
«2015 жылдан бастап «Уілдек», «Тастауық», «Үскірік», «Құссайрауық», «Шыңырау», «Қоссаз», «Қосуілдек» сияқты үрмелі аспаптарды жаңғырттық. Олардың біразын Қытай мен Моңғолиядан әкелсек, кейбірін әйгілі музыканттар мен әншілердің ұрпақтарынан сатып алдық. Ұлттық құндылықтарымыз мен мәдениетімізді жас ұрпақ бойына сіңіре алсақ – еңбегіміздің ақталғаны», — дейді музыкант.
Қазіргі таңда Азамат Бақи Қосшы қаласының Мәдениет үйінде ұлттық аспаптар музейін ашқан. Онда бүгіннің өзінде 1600-ге жуық аспап түрі жинақталған.
Елімізге танымал жоба жеңімпаздарының арасында мектеп оқушылары да бар. «Батыл жүрек» номинациясында бақ сынасқан олардың бірі жазда суға батып бара жатқан бүлдіршінді құтқарса, енді бірі алапат өртке оранған үйден іні-қарындастарын аман алып қалған. Қызылорда облысы, Қазалы қаласынан келген Жансерік Әлим аталған номинацияда II орынды иеленді.
«Өрт 16 желтоқсанда болды. Әжем: «Өрт болып жатыр, далаға шығыңдар деді. Сөйтіп қарындасым мен інімді өрттен алып шығып, көршінің үйіне барып, өрт сөндірушілерді шақырдық. Сол өрттен қарындастарымды алып шыққаныма қатты қуандым. Содан кейін мені бәрі «Батыр бала» деп атап кетті, өзім де қалай «Батыр бала» атанғанымды түсінбей қалдым», — деп сол күнді еске алады мектеп оқушысы.
Айта кетерлігі, аталған номинацияда бас жүлде шымкенттік Марина Гафароваға бұйырды. Түн ішінде терезеден көршінің үйінің жанып жатқанын көрген ол, еш ойланбастан тілсіз жау түтеп тұрған үйдің ауласына барған. Сөйтіп, қайсар келіншек өрт сөндірушілерді шақырып, сол үйдің ішінде қалған алты бірдей баланы дереу тілсіз жаудан құтқаруға кірісіп кеткен. Жалаң аяқ күйде терезені бұзып үйге кірген ол, сол сәтте аналық жүрекпен ештеңеден қорықпағанын жеткізді.
«Ана болған соң, қорқыныш дегенді білмедім. Бар ойым үйдегі балаларды құтқару болды. Менің орнымда болса, кез келген ана осындай батыл қадамға баратын шығар. Себебі, бізге балалардың амандығынан артық бақыт жоқ», — дейді Марина Гафарова.
Салтанатты шараның қорытынды бөлімінде «Қайырымдылық тарихы» номинациясының жеңімпаздары марапатталды. БАҚ өкілдері қатысқан аталымда, қайырымдылық жасап, оны дәріптеп жүрген тілшілер арасындағы үздіктер анықталды. Осылайша, I дәрежелі диплом Алматы тұрғыны, блогер Александр Цойға табысталды. Қоғам белсендісі әлеуметтік желіде өзінің азаматтық ұстанымын танытып қана қоймай, көптеген көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жобаларын ұйымдастыратын көрінеді. Ол тек 2020-2021 жылдар аралығында 21 балаға бионикалық протезді табыс еткен. Ал, соңғы үш жылда тірек-қимыл аппаратының түрлі аурулары бар тағы 22 балаға инновациялық, жоғары тиімді оңалту құралы – экзоскелетті сыйға тартқан.
Осылайша, салтанатты рәсім аясында барлығы 24 жүлдегер марапатталып, 11 адамға ынталандыру сыйлықтары табысталды. Кеш соңы еліміздің белгілі мәдениет қайраткерлерінің шығармашылық қойылымымен аяқталды.
Осы орайда, бүгінгі күннің батырлары мен жаны жомарт азаматтарды ұлықтауға арналған ауқымды шараның өскелең ұрпаққа берері мол болмақ демекпіз. Себебі оларға қарап бой түзейтін жасөспірімдер жақсылық пен ізгілікті, қайырымдылықты қазіргі күннен бастап бойына сіңіріп, жанына ту етіп өсетін болады.