Image

  • 63
  • 378
  • 40
  • 97
756 SHARES

Кейбір қазақстандықтардың несиелік қарыздары кешірілуі мүмкін – Қаржы агенттігі

01.12.2023 16:04 Блиц

Кейбір қазақстандықтардың несиелерінің бір бөлігі кешірілуі мүмкін. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтты. Агенттік өкілі қазақстандықтардың қарыздық жүктемесін азайтудың бірнеше жолын атап айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ОКҚ алаңында өткен баспасөз брифингінде Қизатов несиесін уақытылы төлей алмай жүрген 1,5 миллионға жуық адам бар екенін агенттік анықтағанын айтты. Пробелмалық қарыздардың бір бөлігі коллекторларға берілген.

"Біз әрбір банкпен, микроқаржы ұйымымен (МҚҰ) және коллекторлық агенттікпен жеке жоспарлар жасадық. Нақты қарыз алушылардың тізімін анықтадық. Әр банк пен МҚҰ нақты қарыз алушының борыштық жүктемесін қалай азайтатынын анықтадық. Оның бірнеше жолы бар. Егер қарыз алушының несиені төлеуге қаржылық мүмкіндігі жоқ екенін көрсек, біз банктермен және микроқаржы ұйымдарымен осы несиені кешіру тұрғысынан мәселені шешуге тырысамыз. Егер кешірілсе,қарыз алушының қаржы ұйымы алдында несиелік міндеттемелері көп болмайтынын білдіреді", — деді агенттік төрағасының орынбасары.

Олжас Қизатовтың айтуынша, банктермен және микроқаржы ұйымдарымен несиелердің бір бөлігін қайта қарау мәселесі пысықталуда. Проблемалық қарыз алушылардың несиелік жүктемесін азайту жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін жүргізілуі тиіс.

Сонымен қатар, агенттік тұтынушылық несиелердің максималды мөлшерін шектеуді және мерзімі өткен несиелері бар борышкерлерге тыйым салуды жоспарлап отыр.

"Болашақта қаржылық қиындықтарға тап болатын жаңа қарыз алушылар болмас үшін біз тыйым салуды заңмен шектегіміз келеді. Егер оның басқа банкте немесе МҚҰ-да мерзімі өткен несиесі болса, онда ол проблемалық несиені жапқанға дейін жаңа несие алуға тыйым салынуы керек. Біз сондай-ақ тұтынушылық несиелердің максималды сомасын шектегіміз келеді. Олардың көбіне 100 миллион теңгеден асатын, кейде 1 миллиард теңгеге дейін берілетінін көреміз. Бұл, бәлкім, кәсіпкерлік мақсатта алынған қарыз шығар. Қазақстан халқының несиелік қарызын арттырмау үшін біз тұтынушылық несиенің жоғарғы деңгейін шектегіміз келеді", — деді Қизатов.

Бұл ретте агенттік төрағасының орынбасары аталған лимит әлі белгіленбегенін түсіндірді. Бұл мәселе банк қауымдастығымен бірге талқыланып жатқанын айтты.